Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесу 14 қазанда «Барыс Арена» спорт кешенінің баспасөз орталығында өтті. Жиында Әлем кубогы кезеңін Қазақстанда өткізудің маңызы, ұлттық құраманың алдағы жарысқа дайындығы және халықаралық деңгейдегі мұндай додалардың елімізде жүзу спортының дамуына ықпалы сөз болды.

Qazaq Aquatics бас хатшысы Дмитрий Баландин Қазақстанда Әлем кубогы кезеңін өткізудің жүзу спортын кеңінен насихаттау мен жалпы спорт саласын дамыту үшін маңызы зор екенін атап өтті.

«Әлем кубогының біздің елде өтуін тарихи оқиға деп айтуға болады. Біріншіден, шетелден туристер келеді. Екіншіден, бұл Қазақстанда жүзу спортының дамуына серпін береді. Мәселен, кеше осы спорт түрінің жұлдыздары балаларға арналған шеберлік сағатын өткізіп, жанкүйерлермен кездесулер ұйымдастырды. Бұдан бөлек, мамандарымыз бен спортшыларымыз халықаралық жаттықтырушылармен тәжірибе алмасып, чемпиондармен бірге жаттығып жатыр. Сондықтан бұл жарыстың бізге берер пайдасы орасан зор», - деді Дмитрий Баландин.

Әділбек Мусин мен Айбат Мырзамұратов үшін алдағы жарыс халықаралық бәсекеде өз мүмкіндіктерін сынап, дайындық деңгейін көрсетуге мүмкіндік береді. 

«Менің қарсыластарымның қатарында тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүрген Қытай өкілі Чэнь Цзюньэр бар. Біз онымен 2023 жылы мен өзімнің мансабымдағы ең үздік уақыт көрсеткішімді тіркеген кездегі жарыста кездескенбіз.  Ол кезде екеуіміз көршілес жолақта жүзіп, тартысты бәсеке өткіздік. Сондай-ақ Ресей құрамасының өкілі Егор Корнев те 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде өте жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Ол әлемд рекордының иегері. Біз осы спортшыларға жақындауға, жақсы нәтижеге қол жеткізуге және өз жанкүйерлеріміздің алдында лайықты өнер көрсетуге тырысамыз», - деді Әділбек Мусин.

World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 турнирі 15–17 қазан күндері «Барыс Аренада» 25 метрлік бассейнде өтеді. Астанадағы кезең бұған дейін Баку (Әзербайжан) мен Ташкентте (Өзбекстан) өткен Silk Road Tour сериясының қорытынды кезеңі болмақ.

Елорда әлемнің түкпір-түкпірінен келген үздік спортшылардың, Олимпиада чемпиондары мен әлем чемпионаттарының жүлдегерлерінің басын қосатын алаңға айналады. Ал Қазақстан атынан Әлем кубогы кезеңіне ұлттық құраманың 22 спортшысы қатысады.

Qazaq Aquatics бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ

Qazaq Aquatics серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры»  КҚ

Сурет: Михаил Трушков