Қазақстан құрамасының мүшесі Айбат Мырзамұратов әлем Кубогы кезеңінің бірінші жарыс күнінде екі финалға жолдама алды. 50 метрге брасс әдісімен жүзу сайысында ол қашықтықты 26.50 секундта бағындырып, Қазақстанның жаңа рекордын тіркеді. Қысқа суда жүзуден бұл рекорд бұған дейін Владислав Поляковқа (26.53) тиесілі болған еді. 200 метрге кешенді жүзудің финалында Айбат Мырзамұратов қашықтықты 1:57.91 секундта жүзіп өтті. 

«Жарысқа шыққан кезде әрдайым қобалжу болады, бірақ өз алаңымызда өнер көрсетіп жатқандықтан, жанкүйерлердің қолдауын ерекше сезіндім және маған бұл қатты көмектесті. 50 метрге брасс әдісімен жүзуде ел рекордын жаңарттым, ал 200 метрге кешенді жүзу сайысында осындай нәтижеге қол жеткізу үшін сәл жетпей қалды. Бүгінгі нәтижеме көңілім толады, қуаныштымын», - деп пікір білдірді Айбат Мырзамұратов. 

Финалда тағы екі отандасымыз Егор Попов пен Софья Сподаренко бақ сынады. Егор Попов 100 метрге еркін стильмен жүзу сайысында 47.74 уақыт көрсеткішімен 10-орынға жайғасты. Софья Сподаренко 50 метрге баттерфляймен әдісімен жүзудің финалында 26.27 секунд уақыт көрсеткішімен 9-орынға ие болды. Айта кетейік, іріктеу сайысында Софья Сподаренко осы қашықтықтағы ел рекордын жаңартқан болатын. 

«Бұл мен үшін ерекше тәжірибе, бүгін жанкүйерлердің қалай атымды атап, қолдау көрсетіп жатқанын естідім және сезіндім. Бүгін іріктеу сайысында ұлттық рекордымызды жаңарттым, бірақ өкінішке қарай, кешке нәтижені жақсарта алмадым. Бұл менің биылғы маусымда 25-метрлік бассейнде сынға түсіп тұрған алғашқы турнирім. Алдағы қашықтықтарда жақсы нәтиже тіркеу барымды саламын», - деді Софья Сподаренко. 

Әлем Кубогының қорытынды кезеңінде 16 спортшының «Тәж» жеңіп алуға мүмкіндігі бар. Алғашқы жарыс күнінің таңғы сессиясының 1500 метрге жүзу жарысында ерлерден Лукас Хенво (Бельгия), әйелдерден Ган Чин Хуэй (Сингапур) Crown иегері атанған болатын. Финалдық бәсекелер қорытындысында Юй Итинг (400 м - кешенді жүзу), Росс Ваннотердейк (50 м - баттерфляй), Мона МакШерри (100 м - брасс), Питер Кутзе (100 м - шалқамен жүзу) мен Маррит Стенберген (50 м - шалқамен жүзу) өз қашықтықтарында үш әлем Кубогы кезеңінде де топ жарып, Crown иеленді. 

Астанадағы әлем Кубогының кезеңі 17 қазанға дейін жалғасады. 

Qazaq Aquatics бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ

Qazaq Aquatics серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры»  КҚ