800 метрге еркін стильмен жүзу жарысының ең жылдам тобында Ғалымжан Балабек бақ сынады. Отандасымыз қашықтықты 7 минут 59.22 секундта жүзіп, Қазақстанның жаңа рекордын тіркеді. Ғалымжан Балабек 200 метрге еркін стильмен жүзудің финалында да бақ сынап, 1:47.10 уақыт көрсеткішімен 10-орынға тұрақтады.

«800 метрге жүзу жарысында ел рекордын жаңарттым, одан соң бірден 200 метрдің финалында бақ сынадым. Өте қиын болды, бірақ бар күшімді салдым. Бүгін алғаш рет Кэмерон МакЭвоймен бір топта жүздім, оны басып өзғым келгенін жасырмаймын. Алайда сәл-сәл сәттілік жетіспеді. Алдағы қысқа суға жүзуден әлем чемпионатында бұдан да жақсы нәтиже көрсетеміз деп ойлаймын», - деді Ғалымжан Балабек жарыстан кейін.

Айбат Мырзамұратов брасс әдісімен 100 метрге жүзу жарысының финалында 57.98 уақыт көрсеткішімен жетінші орынға табан тіреді. Қазақстандық спортшы әлем Кубогының қорытынды кезеңінде өзі қатысқан барлық қашықтықтарда - 50, 100 және 200 метрге брасс әдісімен, 200 метрге кешенді жүзу  финалдарында бақ сынады.

«Брасс әдісімен 50, 100 және 200 метрге жүзу жарыстарында прогресс жасадым. Олимпиада ойындарының жеңімпаздарымен, әлем рекордының иегерлерімен бір бассейнде жүзу - мен үшін үлкен тәжірибе. Осындай мүмкіндікке ие болғаным үшін қуаныштымын», - деп қорытынды жасады Айбат Мырзамұратов.

Әлем кубогының соңғы жарыс күнінде сегіз қашықтықта Crown иегері анықталуы керек болған. Жарыс күнінің қорытындысында 800 метрге еркін стильмен жүзуде әйелдер арасында Сингапур өкілі ган Чин Хуэй, ерлерден Лукас Хенво «Тәж» иегері атанды. Нидерланд спортшысы Маррит Стенберген 100 метрге еркін стильмен және 100 метрге шалқамен жүзуде Crown иеленді. 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден Егор Корнев, 100 метрге брасспен жүзуден Кирилл Пригода, әйелдер арасында 200 метрге кешенді жүзу жарысында қытайлық Юй Итинг әлем Кубогының барлық кезеңінде осы қашықтықта жеңіске жетті.

Осымен, Астанадағы жүзуден әлем Кубогының кезеңі өз мәресіне жетті. Елорда жүзуден тұңғыш рет қабылдаған әлем Кубогының кезеңінде Қазақстан намысын 22 спортшы қорғады.

Qazaq Aquatics бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ

Qazaq Aquatics серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры»  КҚ