50 метрге еркін стильмен жүзу сайысының финалында Глеб Коваленя қашықтықты 21.22 секундта жүзіп өтіп, әлем Кубогы қорытынды кезеңін топ-5 қатарында аяқтады. Әрі Глеб осы қашықтықтағы ел рекордын тағы бір мәрте жаңартты. Іріктеу сайысында отандасымыз 21.31 уақыт көрсеткішін тіркеген болатын.
«Эмоциямды сөзбен айтып жеткізе алмаймын, жақсы нәтиже көрсете алдым. Әрі осындай нәтижеге өз алаңымызда, өз жанкүйерлеріміздің алдында қол жеткізгеніме қуаныштымын. Турнир өте жоғары деңгейде өтіп жатыр және осындай деңгейдегі жарысты қабылдап жатқанымыз көңіл қуантады. Бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болар еді, басты жеңістер әлі алда», - деді Глеб Коваленя жарыстан соң.
Брасс әдісімен 200 метрге жүзу сайысында Айбат Мырзамұратов 2:07.34 уақыт көрсеткішімен сегізінші орынға табан тіреді. 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзу жарысының финалында Әділбек Мусин мен Максим Сказобцов бақ сынады. Әділбек қашықтықты 51.32 секундта жүзіп өтіп, 7-орынға ие болса, Максим 51.57 уақыт көрсеткішімен 9-орынға жайғасты.
Софья Сподаренко 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде 59.66 секунд көрсеткішін тіркеді. Қазақстан құрамасының тағы бір мүшесі Егор Попов 100 метрге кешенді жүзудің финалында өнер көрсетіп, 9-орынға ие болды - 54.68 секунд.
Бүгін он қашықтықта жүзу шеберлерінің «Тәж» иегері атануға мүмкіндігі болған. 50 метрге еркін стильмен жүзуде Кэмерон Макэвой, 100 метрге кешенді жүзуде Маррит Стенберген, 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде ерлер арасында Чэнь Цзюньэр, әйелдерден Росс Ваноттердейк, 200 метрге шалқамен жүзуде Питер Кутце, 200 метрге брасс әдісімен жүзуде Евгения Чикунова, 100 метрге кешенді жүзуде Люк Барр, 50 метрге еркін стильмен жүзу жарысында Катажина Васик Crown иегері атанды.
«Жанкүйерлердің қолдауы ерекше сезілетін алаңдарда жеңіске жету әрдайым жақсы әсер сыйлайды. Оған қоса, тағы да 10 мың доллар көлеміндегі сыйақы жеңіп алдым. Шынын айтқанда, күткенімнен де жылдам жүзіп шықтым. 25.9 секунд - мансабымдағы екінші үздік нәтиже», - деп қорытынды жасады Кэмерон МакЭвой.
Ертең, 17 қазанда жүзуден әлем Кубогы қорытынды кезеңінің соңғы жарыс күні өтеді.
Qazaq Aquatics бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ
Qazaq Aquatics серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ