Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстанның 17 спортшысы іріктеу кезеңінде бақ сынады. Әйелдер 50 метрге шалқалап жүзу және баттерфляй әдісімен жүзу қашықтықтарында өнер көрсетсе, ерлер 100 метрге еркін стильде және арқамен жүзу, 50 метрге брасс, 200 метрге баттерфляй және кешенді жүзу қашықтықтарында финалға шығу үшін сынға түсті.

Егор Попов 100 метрге еркін стильмен жүзуде 47,82 секунд уақыт көрсеткішімен көрсетіп, финалға өтті. Ал Айбат Мырзамұратов 50 метрге брасс әдісімен жүзуде 26,57 секунд уақытпен және 200 метрге кешенді жүзуде шешуші кезеңге жолдама алды. Қазақстан құрамасынан финалға шыққан үшінші спортшы - Софья Сподаренко. Ол 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде 25,97 секунд нәтиже көрсетіп, Қазақстанның жаңа рекордын тіркеді. Осылайша, ол 2024 жылы Будапештте өткен қысқа суға жүзуден әлем чемпионатында өзі орнатқан рекордты жаңартты.

Жүзуден әлем Кубогының алғашқы «Тәж» иегерлері де анықталды. Әйелдер арасында 1500 метрге еркін стильде жүзуде Сингапур өкілі Ган Чин Хуэй, ал ерлер арасында Бельгия спортшысы Лукас Хенво жеңімпаз атанды. Осылайша, екі спортшы да World Aquatics Swimming World Cup 2026 сериясының Crown иегері атанды.

«Мен үшін бұл жеңіс өте маңызды. Үш апта бойы шынымен де өте қиын жарыстар өтті. Өзімді жинақтап, өткен аптадағы нәтижемнен де жақсы көрсеткіш көрсете алғаныма қуаныштымын. Барлығы үшін өте ризамын. Шынымды айтсам, бәрі керемет өтті. Соңғы рет әлем Кубогының барлық кезеңіне 2017 жылы қатысқан едім. Ол кезде Азия туры болатын. Араға он жылға жуық уақыт салып, үш кезеңнің барлығына қайта қатысу мен үшін ерекше әсер қалдырды. Жалпы, Silk Road Tour сериясы мен күткеннен де асып түсті», - деді Ган Чин Хуэй.

Бельгиялық жүзуші Лукас Хенво да Астанадағы өнеріне көңілі толатынын айтты. 

«Жарыс жақсы өтті. Алғашқы жүзуде Оливердің өте жақсы уақыт көрсеткенін көрдім. Сондықтан мен де жоғары нәтиже көрсетуім керек екенін түсіндім. Бұл - менің ең үздік уақытым, сондықтан өте қуаныштымын. Қазақстанда, Астанада әлі екі жарыс күтіп тұр. Қазір жақсы өнер көрсетіп жүрмін, сондықтан ертеңгі 400 метрге, ал соңғы күні 200 және 800 метрге жүзу жарыстарын асыға күтемін. Карсон Фостер екеуміз Ташкент пен Бакуде тартысты бәсеке өткіздік. Ертең де жақсы жарыс болады деп үміттенемін», - деді Лукас Хенво.

Crown марапаты серияның Баку, Ташкент және Астанада өткен үш кезеңінде де бір қашықтықта жеңіске жеткен спортшыларға беріледі.

Финалдық жарыстар сағат 18:00-де басталады. Ал 17:30-да Астанадағы әлем Кубогы кезеңінің ресми ашылу салтанаты өтеді.

Qazaq Aquatics бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ

Qazaq Aquatics серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры»  КҚ