Silk Road Tour сериясының қорытынды кезеңінің ашылу салтанатына World Aquatics президенті Хусейн Әл-Мусаллам мен Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысты.
«Бұл - Қазақстан үшін ерекше мәртебе. Себебі біз жүзуден осындай беделді халықаралық жарысты алғаш рет қабылдап отырмыз. Елордамызға әлемнің ең даңқты жүзгіштері - Олимпиада жеңімпаздары, әлем чемпионаттарының жүлдегерлері мен рекордшылары жиналды. Жалпы, турнирге 39 елден 300-ден астам спортшы қатысуда. Әлем Кубогын өткізу - отандық спортты дамытудағы маңызды қадам», - деді Ербол Мырзабосынов.
Қазақстан үшін тарихи турнирде ұлттық құрама намысын 22 спортшы қорғап жатыр. Silk Road Tour сериясы биыл үш қаланы қамтып, спортшылар Баку - Ташкент - Астана бағытында сайысқа түсуде. Жарыс бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасында 17-ден, жалпы 34 жекелей жарыс түрі енді. Әлем рекорды мен өзге де жетістіктерге берілетін қосымша сыйақыны есепке алмағанда, серияның жалпы жүлде қоры - 1,2 млн АҚШ доллары.
World Aquatics әлем Кубогы кезеңдері ірі халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік беретін ресми іріктеу турнирлерінің қатарына жатады. Спортшылар үшін Silk Road Tour желтоқсанда Бейжіңде өтетін қысқа суда (25 м) жүзуден әлем чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңі болады.
Qazaq Aquatics бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ
Qazaq Aquatics серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ