Жазғы Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс және екі дүркін қола жүлдегері Шивон Хоги еркін стильмен жүзуге маманданған. Олимпиаданың төрт жүлдесін де спортшы 100 және 200 метрлерге еркін стильмен жүзуден жеңіп алған екен.
Гонконг өкілі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында еркін стильмен 100 метрге жүзу жарысында жеңімпаз атанып, әлемге өзін таныта білді.
2014 жылы Инчхондағы Азия ойындарында еркін әдіспен жүзудің 4x100 және 4x200 эстафеталарында, 4x200 кешенді эстафетасында қола жүлдегер атанды.
Рио-де-Жанейро Олимпиадасына жолдама жеңіп алған Шивон Гонконг намысын 200 метрге еркін әдіспен және 200 метрге кешенді жүзу жарыстарында қорғады, алайда спортшы төртжылдықтың басты додасының финалына шыға алмады.
Келесі Токиода өткен Олимпиада ойындарында Шивон Хоги жеңіс тұғырының екінші сатысына екі мәрте көтеріліп, еркін әдіспен 200 және 100 метрлерге жүзуде күміс медаль иеленді. Ол жүзуден Олимпиада медалін жеңіп алған алғашқы Гонконг спортшысы атанды. Төрт жылдан кейін Шивон дәл осы қашықтықтарда үздік үштікті түйіндеп, Олимпиаданың қос қоласын қанжығасына байлады.
2024 жылы өзінің басты қашықтығы - 200 метрге еркін стильмен жүзу жарысында Шивон әлем чемпионы атанды. Дохадағы біріншіліктің еркін стильмен 100 метрге жүзу сайысында күміске ие болды.
Қысқа суда еркін стильмен 200 метрге жүзу жарысының әлемдік рекорды қазіргі таңда Шивон Хогиге тиесілі - 01:50.31 (2021). Сонымен қатар, оның қоржынында осы қашықтықта қысқа суда жүзуден әлем чемпионаттарының үш алтын медалі бар.
Астанадағы әлем Кубогы кезеңінде көрермендер әлемнің үздік спортшыларының бірінің өнерін өз көзімен көру мүмкіндігіне ие болады. Шивон Хоги маманданған 200 және 100 метрге еркін стильмен жүзу жарыстары 15 және 17 қазан күндері өтеді.
Әлем Кубогы кезеңінің билеттерін Ticketon.kz сайтынан сатып алуға болады.
Qazaq Aquatics бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ
Qazaq Aquatics серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ