Алайда Қазақстан жүзуінің тарихы өз бастауын өткен ғасырдан алады. Ел аумағындағы жүзуден алғашқы жарыстар кеңес заманында өткізілді. 

Қазақстан жүзуінің ең алғашқы әрі ірі жетістіктерінің бірі - Виктор Абоимовтің Олимпиада ойындарында жеңіп алған күміс жүлдесі. Қарағандының тумасы Мюнхендегі жазғы Олимпиада ойындарында КСРО құрамасына кіріп, еркін стильмен 4x100 жүзу эстафетасында бақ сынады. Бір жылдан кейін ол дәл осы қашықтықта Белградтағы әлем чемпионатында күміс медаль иеленіп, екі жылдан Калидегі жаһан біріншілігінде еркін стильмен 4x100 жүзу эстафетасында қола жүлдегер атанды. 

Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақстандық жүзу спорты тарихының жаңа парағы ашылды. Қазақстан бұл спорт түріндегі Олимпиададағы басты табысына 2016 жылы қол жеткізді. Рио-де-Жанейрода өткен жазғы Олимпиада ойындарында Дмитрий Баландин брасс әдісімен 200 метрге жүзу жарысында алтын жүлдеге ие болды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның жүзуден жеңіп алған алғашқы және әзірге жалғыз алтын жүлдесі. Бүгінде Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионаттарында, әлем Кубогы кезеңдерінде, Азия ойындарында және халықаралық жарыстарда бақ сынап жүр. 

Қазақстан тек жарыстарда емес, халықаралық құрылымдардағы беделін де нығайтып келеді. Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландин 2025 жылы World Aquatics Спортшылар комитетіне Азия құрлығы өкілі ретінде сайланды. Еліміздің тағы үш өкілі халықаралық федерацияның басқа комитеттерінің мүшесі атанды. 

Дмитрий Баландиннің Олимпиада ойындарындағы жеңісіне он жыл толғанда Қазақстан жүзуі тағы бір жаңа белесті бағындырмақ. Қазақстан тұңғыш рет 15-17 қазан күндері World Aquatics Swimming World Cup Astana 2026 - әлем Кубогы кезеңін қабылдайды. Бұл - отандық жүзу тарихындағы жаңа тарихи оқиға, себебі енді біздің еліміз спортшыларды жарысқа жіберіп қоймай, дүниежүзінің үздіктерін өз аренасында қарсы алады.