Он жылдан астам уақыт бойы Аустралия құрамасының намысын қорғап жүрген Кэмерон Макэвой 50, 100 және 200 метрге жүзуге маманданған.

Кэмерон мансабындағы ірі жеңістеріне 2015-2016 жылдары қол жеткізе бастады. 2015 жылы Қазанда өткен әлем чемпионатында ол 100 метрге еркін стильмен жүзу сайысында күміс жүлдеге ие болды.

Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарында Кэмерон Макэвой еркін стильмен жүзудің 4x100 эстафетасында және кешенді эстафетада екі қола медаль жеңіп алды.

Мансабындағы үшінші Олимпиадасында аустралиялық спортшы эстафетеда қола жүлдегер атанғанымен, Токио-2020 жекелей жарысында жеңіс тұғырынан көріне алмады: 50 метрге жарыста 29-орын алса, 100 метрге жүзуден 24-орынға тұрақтады. Осыдан кейін ол мансабында үзіліс алып, бір жыл көлемінде жарысқа қатыспаған.

Үзілістан кейін Макэвой тек бір қашықтыққа - 50 метрге еркін стильмен жүзуге назар аударды, көп ұзамай бұл әдіс өз нәтижесін де берді. Париждегі Олимпиада ойындарының алтын жүлдесі, әлем чемпионатындағы жеңіс (Фукуока-2023 және Сингапур-2025) пен дүниежүзінің жаңа рекордтарын тіркей бастады.

Биыл Кэмерон Макэвой 17 жыл бойы мұрты бұзылмаған әлем рекордын жаңартты. Қытай ашық чемпионатында аустралиялық спортшы еркін стильмен 50 метрге жүзу жарысында қашықтықты 20,88 секундта жүзіп өтіп, Бразилия өкілі Сезар Сьелоның (20,91 секунд) рекордын жаңартып, өз атына тіркеді. Сонымен қатар, ол Достық ойындарында табысты өнер көрсетіп, 50 метрге еркін стильмен жүзуде алтын, осы қашықтыққа баттерфляймен әдісімен жүзу сайысында қола жүлдеге ие болды.

Әлемнің үздік спринтерлерінің бірі Кэмерон Макэвойдың 50 метрге еркін стильмен жүзу жарысында өз рекордын жаңартатын мүмкіндігі бар. Ол бұл мүмкіндікке Астанадағы әлем Кубогы кезеңінде ие болады. Ал бұл қашықтыққа жарыс 16 қазан күні өтеді.

Сурет: World Aquatics