Биыл World Aquatics әлем Кубогының бірыңғай бағыты ретінде Еуразияның үш қаласын - Баку, Ташкент пен Астананы таңдады. Серия сан ғасыр бойы Еуропа мен Шығыс Азияны біріктірген Ұлы Жібек жолының құрметіне Silk Road Tour деп аталды. 

Серия 1-3 қазан күндері Бакуде басталады, екінші кезең 8-10 қазанда Ташкентте өтеді. Турнир 15-17 қазанда Астанада өтетін кезеңмен аяқталады.  

Астанадағы кезең бағдарламасына ерлер мен әйелдер арасында 17-ден, жалпы 34 жекелей жарыс түрі енді. Сонымен қатар, спортшылар ерлер, әйелдер мен аралас эстафеталарда бақ сынайды. 

Жарысқа әлемнің үздік спортшылары, Олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері, әлем чемпионатының жеңімпаздары мен әлемдік рекорд иегерлері қатысады. 

Жалпы, Silk Road Tour үш кезеңінде 50-ден астам елден 750 спортшы қатысады деп күтіліп отыр. Әлем рекорды мен өзге де жетістіктерге берілетін қосымша сыйақыны есепке алмағанда, серияның жалпы жүлде қоры - 1,2 млн АҚШ доллары. 

World Aquatics әлем Кубогы кезеңдері ірі халықаралық жарыстарға қатысуға мүмкіндік беретін ресми іріктеу турнирлерінің қатарына жатады.  Спортшылар үшін Silk Road Tour желтоқсанда Бейжіңде өтетін қысқа суда (25 м) жүзуден әлем чемпионатына дайындықтың маңызды кезеңі болады.