Шеберлік сағатына спорт мектептері мен клубтарының 10-12 жастағы 35 жас жүзу шебері қатысты.
Балалар әлемнің танымал спортшыларымен кездесуде кәсіби жүзу спортының қыр-сырымен танысып, олардан тәлім алып, тәжірибе алмасты және халықаралық ірі додаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізген жүзу шеберлерінен ақыл-кеңес алды.
Олимпиада чемпионы Кэмерон Макэвой жас спортшылармен кездесуден алған әсерімен бөлісіп, мұндай кездесулердің өскелең ұрпақ үшін маңызын атап өтті.
«Бұл мен үшін ерекше тәжірибе. Астананың жас жүзу шеберлерімен танысқаным үшін қуаныштымын. Бала кезімде осындай шеберлік сағаттарына қатысып, өзім ұнататын спортшылардан тәлім алғанды жақсы көретінмін. Сондықтан Қазақстанға келіп, жүзу әлеміне енді қадам басып келе жатқан спортшылармен өз біліміммен бөліскеніме қуаныштымын. Талантты балаларды байқадым, бұл көңілге қуаныш ұялатады», - деді Кэмерон Макэвой.
Жас спортшылар әлемнің үздік жүзу шеберлерімен сөйлесіп, олардың жүзудегі қыр-сырларымен танысып, жаңа жетістіктерге жету үшін мотивация алды.
Еске салайық, 15-17 қазан күндері Астанада алғаш рет жүзуден әлем Кубогы кезеңі - World Aquatics Swimming World Cup 2026 өтеді. Турнир бұған дейін Баку мен Ташкентте өткен Silk Road Tour сериясының қорытынды кезеңі болмақ.
Qazaq Aquatics бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ
Qazaq Aquatics серіктесі – «Туризм және спорт индустриясын қолдау қоры» КҚ